«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев аталған компанияның бірыңғай кадрлық резервке тіркелген қызметкерлерімен кездесті. Оған сондай-ақ, бірыңғай кадрлық резервке үміткерлерді іріктеуге құрылған комиссия құрамы да қатысты.
«Жас келсе – іске» дейтін қазақ қай кезде де батыр болар баласын жас деп басынбай, қайта «арқадан қағып», қолдап-қолпаштап, білімді ұрпақтың кішілігін кемсітпей, керісінше көтермелеп отырған. Иә, «бұлақ көрсең көзін аш» деген даналық сөз де осындайда айтылса керек-ті. «ҚазМұнайГаз» компаниясының резервтік мамандарды іріктеуінің өзі болашақ басшылардың қарым-қабілетін ерте байқап, олардың талпынысына тамыр тартып, ұмтылыстарын шыңдауға бағытталған екен. Осындай жас мамандардың басын қосқан кездесуде Сауат Мыңбаев жиналғандарды Бірыңғай кадрлық резервке алынуларымен құттықтады. Ол сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз»-дың ұзақ мерзімді дамуындағы басым бағыттарының бірі – болашағы зор жас көшбасшыларды іздеп, заманауи құзыретті меңгерген, жаңа тұрпаттағы басшыларды дайындау мақсатындағы кадрлық резервті дайындау екенін баса айтты.
Әрине, компания басшылары бизнесті трансформациялау аясында резервтегі қызметкерлерге үлкен үміт артады, себебі, өздерінің қажырлы еңбектері мен жоғары біліктіліктерінің арқасында олар «ҚазМұнайГаз» компаниясының алға қойған стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға елеулі үлес қосады деген зор сенімде.
Бүгінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ трансформациялау бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асыруда. Міне, бірыңғай кадрлық резервті қалыптастыру жобасы да осы бағдарламаның бір бөлшегі болып табылады.
Кездесу барысында резервтегі қызметкерлерді таныстырған комиссия мүшелері – басқарушы директорлар да сөз сөйледі. Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ның адам ресурстарын басқару бойынша бас директоры Д.Крюсберг те қатысты. Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК адами ресурстарды басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі Басқарушы директоры С ерік Әбденов өз кезегінде бұл кездесудің маңыздылығын ерекше атады.
«Кадрлық резерв құру – бұл трансформация бағдарламасының ішіндегі шұғыл жоба. Неге десеңіз, қазіргі таңда біздегі басшылықта жүрген азаматтар – мұнай-газ саласында жылдар бойы жұмыс істеген тәжірибелі мықты құрам. Бірақ бүгінде олардың көпшілігінің жасы елуден асқан, яғни, басшылық құрамның елу пайыздан астамы елу жастан асқан азаматтар. Енді бұл мәселе 5-10 жылдың ішінде үлкен проблемалар тудыруы мүмкін. Көп азаматтарымыз тиісті зейнет жасына жетеді. Сонымен, жаңа басшылар керек болады. Осы жаңа басшыларды алдын ала дайындау мәселесін бірыңғай кадрлық резерв шешеді», деді ол.
Қазақстанның мұнай-газ саласы – үнемі өзгеріс жағдайында қарқынды дамып келе жатқан сала. Соған сәйкес техника мен технологияның қазіргі деңгейін сипаттайтын қызметкерлер біліктіліктері мен талаптарының орындалуы қажет. Әсіресе, басшылық құрамның, заманауи технологияны меңгерген, «бес қаруы» сай болғаны абзал. Ал бұл тұрғыдан алғанда, жоғарыда аталған жоба негізінде болашақ мамандарды ерте бастан барлық жағынан оқытып-жетілдіріп, толыққанды көшбасшы ретінде қалыптастыруға мүмкіндік бар.
Бірыңғай кадрлық резерв бағдарламасының негізгі мақсаты –басқарушылық қызметте болашақ басшылардың дәстүр сабақтастығын қамтамасыз ету үшін оларды мақсатты түрде жүйелі дайындау, сонымен қатар, үздік жұмыскерлерге ҚМГ компаниялар тобында лауазымдарын жоғарылатуға, өсуге мүмкіндік беру. Ал кадрлық резервтің қатысушылары қатаң бақылауда кандидаттардың кәсіби және жеке қасиеттерін нақты әрі айқын бағалау нәтижесінде байқаудан өткен «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының қызметкерлері болып табылады.
Жалпы, резерв құрамына барлығы 99 кандидат қамтылып, олардың ішінен ассессмент бағалау мен комиссия шешімін ескеру нәтижесінде қазіргі күні бұл құрамға 30 адам іріктеліп алыныпты. Резервтегі 30 адамның 18-і – корпоративтік орталықтың қызметкерлері, 12-сі – ҚМГ компаниялар тобының қызметкерлері. Әрбір резервтегі адамға жеке жоспар бекітілген, онда әрі қарайғы дамуға арналған құзырет пен салалар көрсетілген. Сондай-ақ, әр резервтегі адамға әрі қарайғы қызметтік өсу жолдары көрсетілген лауазымдық жоспардың да бекітілгенін айта кеткен жөн.
Компания өз кезегінде резервтегілердің білім алып, өсуі үшін барлық қажетті жағдайды жасайды. Иә, «болар бала бесігінде бұлқынар» демекші, компанияның болашақ басшылары еңбек тәжірибелеріндегі алғашқы қадамдарынан-ақ қарым-қабілеттерін танытып, көкейге қонымды білім-білік, ұтымды идеяларымен көзге түскен екен. Жиынға қатысқан сайдың тасындай отыз қыз-жігіт кездесуде бірінен соң бірі жұрт алдына шығып сөз сөйлеп, өздерінің бұл іріктеуге қатысып, одан үздік шыққандарына ризашылықтарын білдірді. «Мәселе, болашақта бастық болу ғана емес, біз өзімізді бар жағынан көрсеткіміз келеді, маман ретінде өскіміз келеді, білімімізді шыңдағымыз келеді» деген ойларын білдірген жас мамандар, болашақта компания үшін, жалпы ел экономикасының өркендеуі жолында барынша аянбай қызмет ететіндерін жеткізді.
Дәулет ҚАНАШАЕВ, «ҚазГерМұнай» БК ЖШС:
– Кадрлық резерв құрамына өткен әрбір қызметкер өзінің жеке кадрлық жоспарын анық біледі. Бұл бүгінгі кездесу барысында да айқындалды. Менің жоспарым бойынша бұл тек қана лауазымдық сатыдан жоғарылау емес, маман ретінде өсудің үлкен мүмкіндігі. Өзімізді барынша жетілдіруге бар жағдай жасалған. Бізге осындай мүмкіндік беріп отырған «ҚазМұнайгаз» компаниясы басшылығына алғысымыз зор. Өз тарапымыздан бізге артылған үмітті ақтауға ұмтыламыз.
Ренат САЛИКОВ, «Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС:
– Мен бұл зауытта жұмыс істегенімен жеті жыл. Бұл аралықта лауазымдық қызметтің ең кіші сатысынан бастап, бүгінде технологиялық қондырғылар бөлімінің бастығы қызметіне дейін көтерілдім. Бұл бағдарламаның маңызы алдымен өзіміздің жеке қарым-қабілетімізді дамытудың көзі, мақсаттарға жетудің жолы, ойда бар идеяларды жүзеге асырудың кілті деп білемін. Бір сөзбен айтқанда, бұл адамның маман ретіндегі өсу жолындағы – үлкен мүмкіндігі.
Айжан КИРИБАЕВА, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ:
– Өзімді кадрлық резерв құрамынан көру мен үшін қуаныш. Мұндай мүмкіндік берген адами ресурстар департаменті басшылығына алғысым шексіз. Кадрлық резерв құрамындағылардың бәріне ақ жол тілеймін. Меніңше, көп нәрсе өзімізге байланысты. «Адамды адам ететін – еңбек» демекші, аянбай еңбек еткен адам әйтеуір шыңға шығары анық. Ал қызметкерлеріміздің еңбегін бағалап, оларға осындай мүмкіндік беріп отырған компаниямызбен мақтанамыз. Тек қана алға!
Төлеген ЕРМҰХАМБЕТОВ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ:
– Біз өзімізге артылған зор жауапкершілікті жақсы сезінеміз. Себебі, біз болашақ басшымыз деген ойдың жетегінде емес, болашақта компанияны өркендете түсу үшін не істей аламыз деген мәселенің жетегінде жүруге тиіспіз. Бұл тұрғыда бүгін өздеріңіз кездескен отыз қызметкер де лайықты орындарын біледі деп ойлаймын. Біз өзімізді жетілдіре отырып, компанияның қуатын арттыруға күш саламыз.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».